Мұғалімдер күніне орай Алматы облысында дәстүрлі «Жыл мұғалімі» байқауының жеңімпазы анықталды. Ол - Ақсу ауданы, Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектептің математика пәнінің мұғалімі Асыл Қаймұханов. Салтанатты шарада Амандық Баталов оған автокөліктің кілтін табыстады.
Салтанат сарайындағы “Ұстаз – ұлы тұлға» атты шарада облыс әкімі Амандық Баталов қасиетті мамандық иелерін мерекемен құттықтады.
–Құрметті ұстаздар! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Ұрпақ бойына білім нәрін құйған еңбектеріңізге шығармашылық табыс, отбасыларыңызға бақыт тілеймін. Дана Абайдың: «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дегеніндей, ұстаз – ұлы мамандық. Ол – ең алғаш қолға қалам ұстатып, әріп үйретіп, Әліппеден бастап, бүкіл әлемді танытқан ұлағатты жан. Биылғы жыл бүкіл әлемге жаңа көзқарас әкеліп, санамызды өзгертті. Елдегі жағдайға байланысты, оқушыларымыз қашықтан оқуға көшті. Өзінің қиыншылығы болғанымен сапалы білім беруге еш кедергі болмады. Ұстаздардың да, оқушылардың да білімге деген құрметін еселей түсті. "Онлайн Соңғы қоңырау", "Онлайн Алғашқы қоңырау" ұғымдары қалыптасты, өмірімізге енді. Осы жағдайда бәріне түсіністікпен қараған оқушыларға, ата-аналарға, ұстаздарға үлкен ризашылық білдіремін. Тұңғыш Президентіміздің бастамасымен 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында мұғалімдердің дәрежесін көтеруге, жағдайын жақсартуға ерекше мән берілді. Өздеріңіз білесіздер, Жетісу аймағы еліміздегі халық саны көп өңір. Жыл сайын дүниеге келген балалар саны артып келеді. Осыған орай, білім беру саласына ерекше көңіл аударылады. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап, Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасына сәйкес, облыста 64 560 штаттық бірлік педагог қызметкерлердің еңбекақысы 25 пайызға көтерілді, келесі жылы тағы 25 пайызға көтеріледі. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында ауылдық жерге жұмыс істеуге келген 4 921 маманға көтерме жәрдемақы, 2 371 маманға тұрғын үй сатып алу несиесі берілді. Бұл жас мамандар үшін үлкен қолдау. Осындай зор мүмкіндіктердің арқасында біздің педагогтар республикалық, халықаралық түрлі білім байқауларында үздіктер сапынан көрініп жүр. Биыл 2 қазанда кәсіптік-техникалық білім беру жүйесіне 80 жыл толды. Бұл айтулы кезең осы жүйеде білім алған барлық маман иелерінің, миллиондаған жұмысшылар мен қызметкерлердің мерейтойы десе де болады. Ендеше, қоғамға қажетті білікті кадрлар даярлайтын мамандарды құттықтауға рұқсат етіңіздер. Еңбектеріңіз жемісті болсын! – деді.
Бұдан соң Амандық Ғаббасұлы облысымыздың білім саласының дамуына қосқан зор үлесі және жас ұрпақты сапалы білім, саналы тәрбие берудегі табыстары үшін бірқатар ұстазға Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Ы.Алтынсарин», «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерін, облыс әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хатын табыс етті. Республикалық «Үздік педагог» атағын жеңіп алып, 2 миллион 778 мың теңге иеленген ұстаздарды марапаттады.
Облыстық педогогикалық байқау жеңімпаздары – «Үздік ауыл мектебі» атанған Қарасай ауданы, Алмалыбақ ауылындағы орта мектеп-гимназиясының директоры Сәуле Махамбетоваға, «Үздік кәсіптік білім беру ұйымы» номинациясының иегері Жамбыл атындағы Ұзынағаш кәсіптік колледжінің директоры Болат Алтаевқа, «Үздік сынып жетекшісі» байқауының жүлдегері Алакөл ауданы, Үшарал №1 орта мектебінің мұғалімі Айгүл Ахметоваға 500 мың теңгенің сертификаттары берілді.
Жоғарыда айтып кеткеніміздей, «Жылдың үздік мұғалімі» облыстық байқауының бірінші орын иегері Ақсу ауданы, Ғани Мұратбаев атындағы орта мектебінің математика пәні мұғалімі Асыл Қаймұхановқа автокөлік кілті табыс етілді.
Ардагер ұстаздар атынан сөз алған Күләй Түсіпқызы мұғалімдерді мерекемен құттықтаса, «Жылдың үздік мұғалімі» атанған Асыл Қаймұханов ақтарыла алғысын жеткізді.
Ұстаздарға арнап Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармония әншілері, Оқушылар сарайының жеткіншектері әннен шашу шашты.
Пікір қалдыру